ШҚО әкімі: – Перинаталды орталық перзентханаға айналмауы керек

Бейсенбі, 08 Ақпан 2018 18:51

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семейдің Перинаталдық орталығында болып, жаңадан орнатылған құрылғылармен танысты. Қазір бұл жерде шетелдің, оның ішінде Англияның ең үздік клиникаларында біліктілікті арттыру курстарынан өткен мамандар жұмыс істеуде. Сапар барысында аймақ басшысы аталған денсаулық сақтау мекемесі жоғары медицина мен біліктілік орталығы болуы тиіс екенін атап өтті.

Семейдегі Перинаталды орталықта дәрігер мен науқастың бойына лайықтап реттейтін көп функциялы операциялық үстел, шамдар, шала туған нәрестелерге қажетті неонтологиялық профильді құрал орнатылған.

Сондай-ақ мұнда жатырдағы баланың жетілу патологиясын ерте кезенде анықтауға мүмкіндік беретін эксперттік санаттағы ультрадыбыстық аппарат, бактериологиялық анализатор және басқалар бар. Сонымен қатар, орталықтың дәрігерлері шетелдің іргелі клиникаларында курстан өтіп, заманауи медициналық жабдықтардың жұмыстарымен жете танысқан.

Облыс әкімі жаңадан сатып алынған құралдардың сапасына оң бағасын беріп, аурухана қызметкерлеріне өздерінің шетелде жинаған тәжірибелерін іс жүзіне асыру және заманауи қондырғыларды пайдалану арқылы босандыру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, патологияны анықтауға және ана мен бала өлімінің алдын алуға мүмкіндік беретін жоғары деңгейлі ана мен бала орталығын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
- Перинаталды орталық жоғары медициналық және біліктілік орталығы болуы тиіс. Бұл перзентхана емес, перинаталды орталықты қатардағы перзентханаға айналдырудан аулақ болу керек. Бұл дұрыс емес. Барға базар деп отыра беруге болмайды, үнемі алға жылжып, іздену керек. Жаңа қондырғыларды меңгеріп, оқып-білуге тырысу керек. – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Айта кету керек, Семей Перинаталдық орталығын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі