ШҚО әкімі Зырянның әр шағын ауданын абаттандырмақ

Жексенбі, 11 Ақпан 2018 18:52

Даниал Ахметов Зырян ауданы әкіміне шарт қойды. Оған сәйкес биыл аудан орталығының басты көшелері жөнделініп, тұрғындар аулаларына жанашырлық танытуға үйренуі керек. Жұмыс нәтижесі оң болса, облыстық билік қаланың барлық шағын ауданын көріктендіру ісін қолға алмақ.

Өскеменнің ізімен жақын арада Зыряндағы мөлтек аудандардың аулалары да абаттандырылады. Бұл туралы жергілікті басшының есеп беру жиынына қатысқан Даниал Ахметов мәлімдеді. Айта кету керек, өткен жылы қаланың шеткі бөліктеріндегі 4 көше жөнделді. Бұдан бөлек «Зырян–Зубовск-Парыгино» бағытындағы жол да 200 млн. теңгеге қалпына келтірді.
– Биыл Зырянның барлық орталық көшелерін жөндеу керек. Сонымен қатар аулалардың жағдайын қалпына келтіру міндеті тұр. Өткен жылы қараша айында аудан әкіміне қатаң ескерту жасалған болатын. Әр тұрғын, әр кооператив бұл іске мән беруі тиіс. Егер істе көз куантар нәтиже болса, қаланың әр шағын ауданын абаттандыруға уәде беремін, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Биылғы жоспарда облыстық қазынадан бөлінген 259 млн. теңгеге Зырян мен Серебрянскінің 8 басты көшелері де жөнделуі тиіс.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі